Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу бойынша түсіндіру кездесуі

2025 жылдың 11 қыркүйек күні Жоғары гуманитарлық, заң және техникалық колледжінде студенттермен «Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу» тақырыбында кең көлемді түсіндіру кездесуі өткізілді. Бұл іс-шара жастардың құқықтық санасын арттыру, олардың арасында өзара сыйластық пен жауапкершілік сезімін қалыптастыру, сондай-ақ қоғамда жиі кездесетін буллинг және кибербуллинг құбылыстарының зиянын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды.

Кездесуге Абай облыстық УИП ГЮП ОМПС Затон полиция бөлімінің өкілдері: лейтенант Талаптан Ерасыл Қанатбекұлы, аға лейтенант Маралбекұлы Б., және лейтенант Қадырбеков Нұртай қатысты. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері студенттермен ашық сұхбат форматында пікір алмасты. Олар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың түрлеріне, себептері мен алдын алу жолдарына тоқталды.

Лекция барысында спикерлер қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – интернеттегі буллинг пен кибербуллинг тақырыбын терең талқылады. Әлеуметтік желілерде тарайтын жала, қорлау, кемсіту немесе жалған ақпараттың адамның психологиялық жағдайына және оның өміріне тигізетін теріс әсері нақты мысалдармен түсіндірілді. Сондай-ақ мұндай әрекеттердің құқықтық салдары, яғни ҚР Қылмыстық және Әкімшілік кодекстерінде қарастырылған баптар бойынша жауапкершілік шаралары атап өтілді.

Құқық қорғау өкілдері студенттерге заңды білу – өз қауіпсіздігі мен құқығын қорғаудың басты құралы екенін жеткізді. Олар жастарды өз әрекеттеріне мұқият болуға, интернеттегі қарым-қатынаста мәдениеттілік пен әдептілікті сақтауға, агрессия мен арандатушылыққа ермеуге шақырды.

Кездесу барысында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты әрі пайдалы жауаптар алды. Қатысушылар буллингке ұшыраған жағдайда кімге және қайда жүгіну керектігі жөнінде толық ақпарат алды. Психологиялық көмек орталықтары мен сенім телефондарының байланыс нөмірлері көрсетілді.

Іс-шараның тәрбиелік және ағартушылық мәні зор болды. Ол студенттердің құқықтық мәдениетін көтеріп қана қоймай, олардың бойында өзара құрмет, төзімділік және азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыруға бағытталды. Колледж әкімшілігі мұндай кездесулердің жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және әлеуметтік қауіпсіз ортаны қалыптастыруға үлкен үлес қосатынын атап өтті.

Кездесу соңында студенттер полиция қызметкерлеріне өз ризашылықтарын білдіріп, бұндай шаралардың жиі өткізіліп тұруын қолдайтындарын жеткізді.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от ВГЮиТК (ЖГЗ және ТК) (@vguitk)