Нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бойынша түсіндірме лекция
2025 жылдың 4 қыркүйегінде Жоғары гуманитарлық, заң және техникалық колледжінде нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында профилактикалық түсіндірме лекциясы өткізілді.
Іс-шараның басты мақсаты — жастар арасында есірткі заттарының зияны туралы түсінікті кеңейту, құқықтық сауаттылықты арттыру және оларды теріс әрекеттерден сақтандыру болды.
Лекцияға Абай облысы полиция департаментінің “Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының” жедел өкілі, полиция аға лейтенанты Серікболсынов Равиль Дастанұлы арнайы шақырылды. Ол студенттермен ашық форматта кездесу өткізіп, есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алу жолдары, олардың қоғам мен адам өміріне тигізетін зияны, сондай-ақ заң алдындағы жауапкершілік туралы жан-жақты баяндама жасады.
Полиция қызметкері нақты өмірлік мысалдарға сүйене отырып, ҚР Қылмыстық кодексінде қарастырылған есірткіге байланысты баптар мен жазалау шараларын түсіндірді. Сонымен бірге жастарды өз денсаулығына, болашағына бейжай қарамауға, бос уақыттарын тиімді өткізіп, спортпен және шығармашылық істермен айналысуға шақырды.
Кездесу барысында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, құқық қорғау органы өкілінен нақты әрі пайдалы жауаптар алды. Сондай-ақ қатысушылар нашақорлықтың жеке тұлға мен қоғамға әкелетін ауыр салдары туралы маңызды ақпаратқа қанықты.
Іс-шара тәрбиелік және танымдық мәні жоғары деңгейде өтті. Мұндай кездесулер студенттердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, салауатты өмір салтын ұстануға және әлеуметтік жауапкершілікті сезінуге ықпал етеді.
Колледж әкімшілігі мен студенттер полиция департаменті өкілдеріне алғыс білдіріп, болашақта да осындай пайдалы кездесулерді дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
